Жаңалықтар

М.Х. Дулати атындағы Тараз университетінің ұжымы әлем чемпионы, студентіміз Юсуф Ашраповты салтанатты түрде қарсы алды.

Чемпионды қарсы алу рәсімінде университет ректоры Ләззат Еркінбаева жеңімпазды жарқын жетістігімен құттықтап, оның жеңісі университет ұжымы мен барша қазақстандықтар үшін зор мақтаныш екенін атап өтті.

Бұл – табандылық пен тынымсыз еңбектің, жігер мен қайсарлықтың жемісі. Юсуфтың жеңісі жастарға үлгі болып, отандық спорттың мерейін асқақтата берсін!

 Юсуф, жеңісің құтты болсын!
Көк туымызды көкте желбіретіп, әлемдік ареналарда Қазақстанның абыройын асқақтата бер!

М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінде белгілі ғалым Сәмен Құлбарақтың 70 жылдығына арналған республикалық конференция өтті.

Университеттің бас ғимаратында көрнекті әдебиеттанушы ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Құлбарақ Сәмен Оразғалиұлының 70 жылдық мерейтойына арналған «Қазіргі әдебиеттану мен дулатитану: дәстүр, трансформация және перспективалар» тақырыбында республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырылды. Ғылыми басқосуға еліміздің түкпір-түкпірінен жетекші ғалымдар мен зерттеушілер келді.

Алқалы жиынды  филология ғылымдарының кандидаты, доцент Темірбай Мұқашов жүргізді. Конференцияның шымылдығын М.Х. Дулати атындағы Тараз университетінің Басқарма мүшесі – Академиялық мәселелер бойынша проректоры Мақсат Мұсабеков мерейтой иесінің ұстаздық және ғалымдық ғибратты ғұмырына, оның отандық әдебиеттану ғылымы мен ұлттық руханиятты дамытуға қосқан үлесіне тоқталып, жылы лебізін білдірді.

Мерейтой иесін құттықтау үшін Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтының Президенті Ерболат Саурықов, Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық университетінің Зерттеу және стратегиялық даму жөніндегі проректоры Аслан Тұрлыбек арнайы сөз алып, ғалымға ізгі тілектерін жолдады.

Басқосу аясында қатысушылар назарына «Сәмен Құлбарақ: ғалымдық ғұмыр, әдебиет және дулатитану» тақырыбында кітап көрмесі таныстырылып, ғалымның өмір жолы туралы «Ғибратты ғұмыр» танымдық бейнематериалы көрсетілді.

Пленарлық отырыста сөз өнерінің зергерлері мазмұнды баяндамалар жасады. Ғалымдар профессор Сәмен Құлбарақтың Тахауи Ахтанов шығармашылығын зерттеудегі еңбегін, Рымғали Нұрғали ғылыми мектебінің жалғастығын және оның «Мұхаммед Хайдар» романындағы авторлық таным ерекшеліктерін жан-жақты талдады.

Жиында сөз алған филология ғылымдарының докторы, профессор Балтабай Әбдіғазиұлы ғалымның ұлттық мүдде жолындағы еңбегін жоғары бағалады: «Профессор Сәмен Құлбарақтың ғылыми мұраты ұлттық мүддемен сабақтасып жатыр. Оның зерттеулерінде қазақ әдебиетінің рухани құндылықтары, ұлттық сана мен елдік ұстанымдар ғылыми негізде жүйелі зерделенген» - деп өз бағасын берді. Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті ректорының құттықтауын жеткізген Балтабай Әбдіғазиұлы мерейтой иесіне «Абай» төсбелгісін тақты.

Филология ғылымдарының докторы, профессор Жанат Әскербекқызы Сәмен Құлбарақтың ғылыми мектептер сабақтастығындағы орнына тоқталды:

«Академик Рымғали Нұрғали қалыптастырған әдебиеттану мектебінің ғылыми дәстүрі профессор Сәмен Құлбарақтың еңбектерінде мазмұндық және әдіснамалық тұрғыдан жалғасын тапты. Бұл сабақтастық ғалымның әдеби мұраны талдау ұстанымдары мен зерттеу әдістерінен айқын көрінеді» деді.

Филология ғылымдарының кандидаты Ғабит Тұяқбаев Тахауи Ахтанов көркемдік әлемінің С. Құлбарақ еңбектеріндегі сипатына тоқталып: «Профессор Сәмен Құлбарақ Тахауи Ахтановтың көркемдік әлемін дәстүр мен жалғастық сабақтастығы аясында жүйелі қарастырып, оның қазақ әдебиетіндегі эстетикалық орнын терең айқындады» - деп атап өтті.

Пленарлық отырыста бұдан бөлек Құлбек Ергөбек, Ақыш Нұрдәулет, Бақытжан Мақашев сынды зерттеушілер мен ғалымдар баяндама жасап, ғалымның жазушылық, зерттеушілік қырларын аша түсті.

 Сәмен Оразғалиұлының қызы Ұлпан Сәменқызы конференция аясында әкесіне ыстық ықыласын білдіріп, «Мұхаммед Хайдар» романындағы тарихи тұлғаның көркемдік концепциясы турасында сөз қозғады.

Конференция жұмысы төрт негізгі секция бойынша жалғасты. Онда ғалымның ғылыми мұрасы мен дулатитану бағыттарынан бөлек, заманауи тренд - жасанды интеллект дәуірінде тілдерді оқытудың инновациялық ізденістері мен білім берудегі жаңа әдіс-тәсілдер кеңінен талқыланды.

Конференция материалдары негізінде электрондық ғылыми еңбектер жинағы таяу күндері оқу орнының ресми сайтына орналастырылып, ғалымдар мен ізденушілерге жол тартады.

Басқарма мүшесі-Академиялық мәселелер бойынша проректор Мұсабеков Мақсат Несіпжанұлының ұйымдастыруымен Индустрия және цифрлық технологиялар жоғары мектебінің бітіруші курс студенттерімен маңызды кездесу өтті.

Кездесуге Академиялық жұмыс департаментінің директоры, жоғары мектеп деканы, декан орынбасарлары, кафедра меңгерушілері және ПОҚ қатысты.

 Кездесу барысында бірқатар маңызды мәселелер қарастырылды:

Дипломдық жобалардың ерекшеліктері мен оларды қорғауға қойылатын талаптар;

 Академиялық адалдық қағидаттарын қатаң сақтау;

 Дипломдық жобаларды орындау барысында плагиатқа жол бермеу;

Қорытынды аттестаттауға сапалы дайындық;

 Түлектердің әр түрлі сауалнамаларға қатысуы және оларды уақытылы толтыруы;

 Кездесу ашық диалог форматында өтіп, студенттер өздерін толғандырған сұрақтарға жауап алды.

 Кездесудің басты мақсаты – түлектердің қорытынды аттестаттауға дайындығын арттыру, академиялық адалдық мәдениетін нығайту және кәсіби жауапкершілігін қалыптастыру.

 

Дулати университетінің студенті Юсуф Ашрапов АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында өтіп жатқан U23 әлем чемпионатында алтын медаль жеңіп алып, Қазақстан қоржынына кезекті алтынды салды!

72 келі салмақ дәрежесінде ел намысын қорғаған балуанымыз финалда Армения спортшысы  Гаспар Тертерянмен кездесіп, 4:3 есебімен жеңіске жетті. 

Юсуфтың әлемдік додада топ жаруы – университетіміз үшін үлкен мақтаныш!

Юсуфты, оның бапкерлерін, жақындарын және Дулати университетінің ұжымын осынау айтулы жеңіспен шын жүректен құттықтаймыз!

Алтын медаль құтты болсын! Көк туымыз көкте желбіреп, чемпиондарымыз әлемдік ареналарда Қазақстанның абыройын асқақтата берсін!

Дулати университетінің бас ғимаратында өңіріміздің алдыңғы буын өкілі – ардақты ардагерлер қауымы бас қосты. Негізгі себеп – мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Әділетті қоғамға – шыншыл сөз» кітабының таныстырылым жиыны.

Жиынға ардагерлер қауымымен қатар, университеттің профессор-оқытушылар құрамы, студенттер қатысты.

Кітап таныстырылымында М.Х. Дулати атындағы Тараз университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Ләззат Еркінбаева кітап туралы ойымен бөлісті. Идея мен істі байланыстыратын бұл еңбектің жарық көруі  бүгінгі реформалар кезеңіндегі маңызды қадам екенін айта отырып, еңбектің құндылығы –  әр жылдары, әртүрлі мінберлерде айтылған ойлардың өзара берік сабақтастығында екеніне тоқталды.

Жиын модераторы «Тарих және география» кафедрасының қауымдастырылған профессоры Сейдахан Бақторазов жарық көрген жинақтың мақсаты мен құрылымы туралы ақпарат берді.

Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев кітап турасындағы ойымен бөлісіп, ел ынтымағын сақтауда, ауызбіршілігін нығайтуда ардагерлердің алатын орнына ерекше тоқталды. Алдыңғы буын өкілі – ардагерлердің міндеті өткенді еске алу ғана емес, ұлттық құндылықтарды дәріптеп, жастарды патриоттыққа тәрбиелеп, ақыл-кеңес беру екенін тебірене жеткізді.

Шара аясында «Әділетті қоғамға – шыншыл сөз» кітабы Кітапханалық-ақпараттық орталықтың директоры Гүлжан Иржановаға табыс етілді.

 

10 қазан – Кәсіподақ күніне орай,  жоғары оқу орнының дамуына үлес қосып, білім мен ғылым саласына айрықша еңбегі сіңген, кәсіподақ жұмысына белсенді атсалысқан қызметкерлер марапатталды.

Салтанатты шарада университеттің Аппарат басшысы Мирас Тұрғынбаев қатысушыларды арнайы құттықтады. Өз сөзінде кәсіподақ ұйымының ұжымдағы ауызбіршілікті нығайтудағы, қызметкерлердің құқықтары мен әлеуметтік жағдайын қорғаудағы маңызды рөлін атап өтті.

Жиында Әлеуметтік әріптестікті дамытуға қосқан үлесі төсбелгісімен Кітапханалық-ақпараттық орталығының директоры Гүлжан Иржанова марапатталды. «Әлеуметтік психология» кафедрасының аға оқытушысы, психология ғылымының магистрі Айгүл Әбдрахмановаға «Кәсіподақ ардагері» төсбелгісі табыс етілді.

Мерекелік шарада университеттің профессор-оқытушылар құрамы, кызметкерлері мен мамандары Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қазметкерлерінің салалық кәсіптік одағының Алғыс хатымен, Құрмет грамотасымен және облыстық кәсіподақтар орталығының Құрмет грамотасымен марапатталды.

Кәсіподақ комитетінің төрағасы Берік Құсайынов  ұжымды кәсіби мерекемен құттықтап, көпжылдық еңбегі мен кәсіподақ жұмысын дамытуға қосқан үлесі үшін марапат иелеріне алғысын білдірді.

М.Х. Дулати атындағы Тараз университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Ләззат Еркінбаеваға Румыниядан арнайы Алғыс хат келді. 

Қыркүйек айының соңында Румынияның Бухарест қаласы мен Констанца аймағында халықаралық «Құрылтай» ұлтаралық фестивалі өтті. Бұл фестиваль ЮНЕСКО жөніндегі Румыния Ұлттық комиссиясының (CNR-UNESCO) қамқорлығымен ұйымдастырылды.  Беделді шарада Дулати колледжінің студенті, халықаралық конкурстардың лауреаты Хафиз Еміл қазақтың қасиетті қара домбырасымен өнер көрсетіп, еуропалық көрермендердің ыстық ықыласы мен зор қошеметіне кенелді.

Ауқымды мәдени шара аясында өнер көрсеткен жас таланттың шеберлігін жоғары бағалап, Румынияның «Демократиялық татар одағы» қауымдастығының төрағасы Білгін Наим университет ректоры Ләззат Қалымбекқызына өздерінің шексіз ризашылығын білдіріп, ресми түрде Алғыс хат жолдады.

Ұйымдастырушылар өз хатында халықаралық деңгейдегі талантты тәрбиелеп, екі ел арасындағы мәдени диалог пен достық қарым-қатынасты нығайтуға қосқан зор үлесі үшін білім ордасының басшылығына алғыс айтып, алдағы еңбектеріне жеміс пен табыс тіледі.

Дулати университеті мен колледжінің ұжымы студентіміздің халықаралық сахнадағы бұл жетістігін мақтан тұтады және жас өнерпазға шығармашылық биіктерді бағындыра беруін тілейді!

Бүгін М.Х. Дулати атындағы Тараз университеті қабырғасында «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры «ашық есік» күнін өткізді.

Кәсіпкерлерді қолдау, студенттерге қажетті ақпараттарды ұсыну, мемлекет пен кәсіпкер арасында диалог орнату мақсатында ұйымдастырылған жиынға кәсіпкерлер, банк қызметкерлері және студенттер қатысты.

Дулати университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Ләззат Еркінбаева ұйымдастырылған шара студенттер үшін қажетті боларына сенім білдіріп, жастар өздерінің стартап жобаларын болашақта кәсіпкерлікке ұластыруға және тағылымдамадан өтуге мүмкіндіктері барын атап өтті.

«Даму» қорымен байланысты нығайту мақсатында М.Х. Дулати атындағы Тараз университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Ләззат Еркінбаева мен «Даму» қорының Басқарма Төрағасының орынбасары Мұрат Бапаев өзара ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды.

Ашық есік күні аясында Жамбыл облысы әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының басшысы Аспандияр Сейсебаев бүгінгі таңда кәсіпкерлерді қолдау мақсатында атқарып жатқан жұмыстарға тоқталды. Өңірдегі кәсіпкерлікті дамыту, инвестиция тарту, өнеркәсіп және қазіргі таңда қолға алынған жобалар туралы мәлімет берді.

«Даму» қорының мамандары мемлекеттік қолдау түрлері, несие беру бойынша жеңілдік, субсидияландыру, қаржылық емес қолдау, кәсіпкерлердің біліктілігін арттыру бойынша қажетті ақпараттарды беріп, баяндама жасады.

Ашық есік күні кәсіпкерлерге, жастарға жеке кеңес беру жұмысымен жалғасты.