Университет қабырғасында «Тәуекелдерді басқару жүйесі: тәуекелдерді басқарудың қағидаттары, міндеттері мен құралдары, халықаралық және отандық үздік тәжірибелер» тақырыбында оқыту бағдарламасының ресми ашылуы ұйымдастырылды.
Бағдарламаның мақсаты – университет қызметінде тәуекелдерді жүйелі түрде анықтау, бағалау және басқару тетіктерін жетілдіру арқылы тәуекелге бағдарланған басқару мәдениетін қалыптастыру.
Бағдарлама университетте тәуекелге бағдарланған басқаруды дамытуға және халықаралық стандарттарға, соның ішінде ISO 31000 талаптарына сәйкес заманауи тәуекел мәдениетін қалыптастыруға бағытталған. Оқу аясында университеттің стратегиялық KPI көрсеткіштеріне жауапты тәуекел иелері — бөлімше басшылары мен менеджерлерден құралған 100 қызметкерді оқыту жоспарланған.
Бағдарламаның ашылуында Басқарма Төрағасы – Ректор Ләззат Еркінбаева сөз алып, университетте тиімді корпоративтік басқару жүйесін қалыптастыру стратегиялық дамудың маңызды бөлігі екенін жеткізді. Ал, Басқарма мүшесі – стратегиялық даму және интернационалдандыру жөніндегі проректор Шолпан Есімова тәуекелдерді басқару мәдениетін дамыту университеттің тұрақты дамуын қамтамасыз етіп, басқарушылық шешімдердің сапасын арттыруға мүмкіндік беретінін тілге тиек етті. Сонымен қатар, Бағдарламаның бизнес-тренері Маржан Ембердинова тәуекелдерді басқару жүйесі кез келген ұйымның тұрақты дамуы мен тиімді басқаруының маңызды элементі екенін атап өтті. Ол оқу барысында қатысушылар тәуекелдерді анықтау мен талдаудың заманауи құралдарын меңгеріп, оларды тәжірибеде қолдану мүмкіндігіне ие болатынын жеткізді.
Оқыту барысында қатысушылар тәуекелдерді басқарудың халықаралық және отандық тәжірибелерімен танысып, тәуекелдерді анықтау мен бағалау құралдарын, тәуекелдер тізілімін және тәуекел картасын қалыптастыру қағидаларын меңгереді. Сонымен қатар, тәуекелге бағдарланған тәсіл негізінде басқарушылық шешімдер қабылдау әдістері қарастырылады. Бағдарламада практикалық жұмысқа ерекше көңіл бөлінеді. Қатысушылар жобалық топтарда жұмыс істеп, түрлі әдістер арқылы тәуекелдерді талдап, университеттің тәуекелдер тізілімдерін әзірлеп, стратегиялық және операциялық негізгі тәуекелдерді басқару бойынша ұсыныстар дайындайды.
Оқыту 2026 жылғы 11 наурыз бен 15 мамыр аралығында гибридті форматта, яғни офлайн және онлайн режимде өтеді. Бағдарлама қорытындысы бойынша университеттің тәуекелдер тізілімі мен тәуекелдер картасы әзірленіп, 2026 жылға арналған тәуекелге дайындық деңгейі айқындалады.



