News

«ДЕНСАУЛЫҚ» СПАРТАКИАДАСЫ ӨЗ МӘРЕСІНЕ ЖЕТТІ!

Университет қабырғасында профессор-оқытушылар құрамы мен қызметкерлер арасында дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын «Денсаулық» спартакиадасы өз мәресіне жетті. Аталған спорттық сайыс барлық құрылымдық бөлімшелердің командаларын біріктіріп, достық пен сергектікке толы ерекше атмосферада өтті.

Спартакиаданың мақсаты – университет ұжымының денсаулығын нығайту арқылы командалық рухты дамыту. Белсенді өмір салтын насихаттап, қызметкерлер арасында достық бәсекелестік ортасын қалыптастыру.

Жарысқа университеттің түрлі факультеттері мен бөлімшелерінен құралған 7 команда қатысып, бірнеше күн бойы өзара тартысты бәсекеде бақ сынасты. Атап айтқанда:
– «Жаратылыстану ғылымдары» факультеті;
– Технологиялық факультет;
– «Экономика және құқық» факультеті;
– «Дене шынықтыру және алғашқы әскери дайындық» факультеті;
– «Педагогика және әлеуметтік ғылымдар» факультеті;
– «Филология және гуманитарлық ғылымдар» факультеті;
– «Әкімшілік» командасы.

Қатысушылар асық ату, тоғызқұмалақ, шекемтас сынды ұлттық спорт түрлерімен қатар, волейбол, футбол, қол күрес, үстел теннисі және басқа да спорттық ойындар бойынша сынға түсті. Жарыстар жоғары деңгейде ұйымдастырылып, әрбір спорт түрінде қатысушылар өздерінің шеберлігін, төзімділігін және жеңіске деген жігерін көрсете білді.

Жарыс қорытындысы бойынша спартакиаданың көшбасшысы болып «Дене шынықтыру және алғашқы әскери дайындық» факультетінің ұйымшыл командасы танылды. Аталған команда асық ату, үстел теннисі, волейбол, футбол және ерлер арасындағы қол күрес спорт түрлерінен бірінші орындарды иеленіп, үздік нәтижеге қол жеткізді.

Екінші орынды «Әкімшілік» командасы жеңіп алды. Олар шекемтас, дартс және әйелдер арасындағы қол күрес жарыстарында жеңімпаз атанды.

Үшінші орын «Жаратылыстану ғылымдары» факультетінің командасына бұйырды.

Сондай-ақ, жекелеген спорт түрлері бойынша да үздік командалар анықталды. Ерлер арасында тоғызқұмалақ пен дойбы сайыстарында «Экономика және құқық» факультетінің командасы үздік нәтиже көрсетті. Ал, Технологиялық факультет командасы әйелдер арасындағы дойбы және арқан тарту жарыстарында жеңіске жетті.

Сонымен қатар, жарыс барысында белсенділігімен және жоғары нәтижелерімен көзге түскен қатысушылар арнайы атап өтілді. Олардың қатарында: Джалпанов Бахытжан, Айдекеева Анар, Амангельды Тогжан, Уытбаев Тохтар, Абу Мухтар, Енсепова Шолпан, Абитаев Канат, Шин Олег, Кулбаева Дилбар, Ибраимов Нуржан, Райкулов Канат, Кашаев Кайрат, Умирбекова Айгерим, Афлатунов Абузар, Абидин Канат, Жанысова Гүлжан, Қуандықова Гүлчехра, Көпбосынова Диана бар.

Командаларды ұйымдастыруда белсенділік танытып, спорттық сайыстың жоғары деңгейде өтуіне үлес қосқаны үшін Карабалаев Қошғар, Джалпанов Бахытжан, Абидин Канат, Искакова Гүлмира, Шымкент Қалижан, Байсымакова Айгүл, Тунгушбаев Жомарт Алғыс хаттармен марапатталды.

Жарыс соңында үздік нәтиже көрсеткен командалар мен жеке қатысушылар арнайы грамоталармен, медальдармен және «Сұңқар» спорт клубының естелік сыйлықтарымен марапатталды.

Аталған спартакиада университет ұжымының спортқа деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, денсаулықтың басты құндылық екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.

Ұйымдастырушылар алдағы уақытта да спорттық сайыстар дәстүрлі түрде жалғасын табатынын жеткізіп, барлық қатысушыларға алғыс білдірді.