News

ТЕХНОЛОГИЯЛЫҚ ФАКУЛЬТЕТТІҢ ТҮЛЕКТЕРІНЕ ДИПЛОМ ТАБЫСТАЛДЫ

М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінде Технологиялық факультеттің бітіруші түлектеріне салтанатты диплом тапсыру кеші өтті.

Жиынға университет басшылығы, профессор-оқытушылар құрамы, сала өкілдері, ата-аналар мен түлектер қатысты.

Салтанатты кеште Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек онлайн форматта сөз сөйлеп, жоғары оқу орнын тәмамдаған түлектерді құттықтады. Министр жас мамандарға кәсіби жолда табыс пен толағай жетістіктер тілеп, алған білімдерін ел игілігіне жұмсайтын білікті маман болып қалыптасуларына сенім білдірді.

Жиын барысында Басқарма мүшесі – академиялық мәселелер жөніндегі проректор Рысгүл Құдретуллаева құттықтау сөз алып, түлектердің оқу жылдарында жинақтаған білімі мен тәжірибесі олардың болашақ кәсіби қызметінің берік іргетасы екенін атап өтті. Сондай-ақ, университет түлектерінің қай салада еңбек етсе де білімді, жауапкершілігі жоғары маман ретінде ел сенімін ақтайтынына сенім білдіріп, жас мамандарға жаңа бастамаларында сәттілік тіледі.

Салтанатты рәсімге арнайы шақырылған қонақтар да түлектерге ақжарма тілектерін арнап, жаңа өмір кезеңінде биік белестерді бағындыруларына сенім білдірді.

Мерекелік кеш концерттік бағдарламамен жалғасын тапты. Университеттің шығармашылық ұжымдары мен өнерпаз студенттері ән мен би орындап, көпшілікке көтеріңкі көңіл күй сыйлады.

Жас мамандарға кәсіби қызметте жоғары жетістіктерге жетіп, жарқын болашаққа нық қадам басуларына тілектестік білдіреміз!