Жаңалықтар

Университет ұстазы Болгарияда оқу тәжірибесімен бөлісті

М.Х. Дулати атындағы Тараз университеті мен Болгария мемлекетінің Святые Кирилл мен Мефодий атындағы Великотырново университеті арасындағы ынтымақтастық туралы келісімге сәйкес, 2025 жылғы 24 қараша мен 5 желтоқсан аралығында «Әлем тілдері» кафедрасының қауымдастырылған профессоры, доцент Ким Ольга Васильевна «Қазіргі заманғы тілдер» факультетінде академиялық мобильділік бағдарламасынан өтті.

Аталған факультетте студенттер 20-дан астам шетел тілін меңгереді. Оқу бағдарламасы тілдік, әдебиеттанулық және пәнаралық даярлықты қамтиды. Іссапар барысында Ольга Васильевна «Германистика» мамандығының 3-курс студенттеріне дәрістер оқып, ауызша және жазбаша сөйлеу тәжірибесі бойынша 36 сағат көлемінде практикалық сабақтар жүргізді. Сонымен қатар, магистранттарға диссертациялық тақырыптарына байланысты консультациялар өткізді.

Сапар шеңберінде «Германистика» және «Лингвистика мен әдеби білім беру методологиясы» кафедраларының оқытушылары – Милена Иванова Иванова, Сильвия Атанасова Великова, Светлана Атанасовамен және факультет деканы Полина Валентина Цончевамен кәсіби байланыстар орнатылды.

Кездесулер барысында академиялық мобильділік аясындағы ынтымақтастық, бірлескен конференцияларға қатысу, қос дипломды білім беру бағдарламаларын жүзеге асыру және заманауи тілдік білім беру әдістемесіне арналған онлайн-семинарларды ұйымдастыру мәселелері талқыланды.