2026 жылғы 1 қазанда М.Х. Дулати атындағы Тараз университетінің «Инженерия және тұрақты даму» жоғары мектебінің «Текстиль, материалтану және стандартизация» кафедрасының ұйымдастыруымен «Текстиль және сапа» студенттік ғылыми үйірмесі аясында «Ұлттық мұра – заманауи өнім: басқұр тоқу технологиясын жаңғырту» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
Іс-шараның негізгі мақсаты – қазақ халқының дәстүрлі тоқыма өнерінің бірі болып саналатын басқұр тоқу технологиясының тарихи-мәдени және технологиялық ерекшеліктерін таныстыру, ұлттық мұраны жастар арасында насихаттау және дәстүрлі қолөнерді заманауи тоқыма өндірісі мен дизайн бағыттарымен ұштастыру мүмкіндіктерін талқылау.
Дөңгелек үстелдің ашылуында «Текстиль, материалтану және стандартизация» кафедрасының меңгерушісі Л.Х. Юсупова сөз сөйлеп, ұлттық қолөнерді жаңғырту мен оны жас ұрпаққа насихаттаудың маңыздылығына тоқталды. Сонымен қатар дәстүрлі тоқыма өнерін ғылыми тұрғыдан зерттеу, оның технологиялық ерекшеліктерін заманауи өндіріс талаптарымен байланыстыру және ұлттық құндылықтарды білім беру үдерісінде дәріптеу қажеттігін атап өтті.
Іс-шараға кафедраның профессор-оқытушылар құрамы қатысып, ұлттық қолөнерді зерттеу, сақтау және заманауи технологиялармен сабақтастыру бағытындағы пікірлерімен бөлісті. Дөңгелек үстелді ұйымдастырушы, «Текстиль және сапа» студенттік ғылыми үйірмесінің жетекшісі, кафедраның қауымдастырылған профессоры Ж.С.Рахманова кездесудің мазмұны мен мақсатына тоқталып, қатысушыларды ұлттық тоқыма өнерінің ерекшеліктерімен таныстырды.
Дөңгелек үстелге Тараз қаласындағы М.Жұмабаев атындағы №21, №26, Ө.Жолдасбеков атындағы №50 орта мектептердің оқушылары көркем еңбек пәнінің мұғалімдері Д.У.Мажилисова, Д.С. Толымбекова, Ф.А.Нуралиеваның жетекшілігімен қатысып, ұлттық тоқыма өнеріне деген қызығушылықтарын танытты.
Кездесу барысында оқушыларға басқұрдың қазақтың дәстүрлі тұрмысындағы орны, оның қолданылу ерекшеліктері, тоқу технологиясы, қолданылатын жіп түрлері, өрнек композициясы және бұйымның эстетикалық әрі функционалдық қасиеттері туралы ақпарат берілді.
Іс-шара барысында кафедра консультанттары А.Ажимова мен Ж.Әбзелбекова қатысушыларға басқұр тоқу технологиясын жан-жақты түсіндіріп, оның орындалу ерекшеліктерін іс жүзінде көрсетіп берді. Олар дәстүрлі тоқу әдістерін, жіптерді таңдау мен өрнектерді орналастыру тәсілдерін таныстырып, басқұр бұйымын дайындаудың технологиялық кезеңдерін көрсетті. Практикалық таныстырылым барысында мектеп оқушылары ұлттық қолөнердің қыр-сырымен танысып, басқұр тоқу өнеріне деген қызығушылықтарын арттырды.
Шара барысында студенттер басқұр тоқудың дәстүрлі технологиялық кезеңдерін таныстырып, ұлттық ою-өрнектердің құрылымын, түстер үйлесімін және композициялық ерекшеліктерін түсіндірді. Сонымен қатар дәстүрлі технологияны қазіргі заманғы интерьер дизайнында, сәндік-қолданбалы өнерде және заманауи тоқыма бұйымдарын өндіруде қолдану мүмкіндіктері талқыланды.
Дөңгелек үстел оқушылардың ұлттық қолөнерге деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, студенттердің ғылыми-зерттеу, шығармашылық және жобалық жұмыс дағдыларын дамытуға мүмкіндік берді. Қатысушылар басқұр тоқу технологиясын сақтап, оны заманауи талаптарға бейімдеудің маңыздылығы жөнінде өз пікірлерін білдірді.
Іс-шара соңында оқушылар мен студенттер арасында пікір алмасу ұйымдастырылып, ұлттық тоқыма өнерін зерттеу, сақтау және оны инновациялық бағытта дамыту бойынша ұсыныстар айтылды. Кездесу қорытындысында мектеп мұғалімдеріне алғыс білдіріліп, сертификаттар табысталды.
«Ұлттық мұра – заманауи өнім» тақырыбындағы бұл кездесу дәстүрлі мәдени құндылықтарды қазіргі технологиялармен сабақтастыра отырып, ұлттық қолөнердің жаңа қырларын танытуға бағытталған маңызды ғылыми-танымдық іс-шара болды. Осындай тағылымды кездесулер ұлттық мұраны дәріптеуге, жас ұрпақтың шығармашылық әлеуетін дамытуға және дәстүрлі өнердің заманауи тоқыма индустриясындағы мүмкіндіктерін кеңінен танытуға ықпал етеді.
Ұйымдастырушылар: «Текстиль және сапа» студенттік ғылыми үйірмесінің жетекшілері «Текстиль, материалтану және стандартизация» кафедрасының қауымдастырылған профессоры Ж.С.Рахманова, аға оқытушы Р.Д.Абутова



