Жаңалықтар

САНАЛЫ ҚОҒАММЕН МЫҚТЫ МЕМЛЕКЕТКЕ!

Университет қабырғасында бүкілхалықтық референдумды қолдауға арналған «Саналы қоғаммен – мықты мемлекетке!» тақырыбында патриоттық кеш ұйымдастырылды.

Кештің мақсаты – жастардың азаматтық жауапкершілігін арттыру арқылы алдағы референдумның маңыздылығын түсіндіру.

Салтанатты жиынды Басқарма Төрағасы – Ректор Ләззат Еркінбаева ашып, Конституцияның қоғам өміріндегі маңызы мен ел дамуы жолындағы жастардың рөлі туралы мазмұнды ойларымен бөлісті. Конституция мемлекеттің басты құжаты екенін айтып, оның қоғамдағы тұрақтылық пен дамудың негізгі кепілі екенін жеткізді. Ректор өз сөзінде, студенттерді ел тағдырына бейжай қарамай, азаматтық жауапкершілік танытуға және алдағы республикалық референдумға белсенді қатысуға шақырды.

Кеш барысында көрермендерге мазмұнды концерттік бағдарлама ұсынылды. «Ұлы дала» барабан шоуы, «Наз-Қоңыр» қыздар триосының әндері, «NO MENS», «Ғарыш», «Лаула» студенттік топтары мен «MoMENS» триосының орындауындағы музыкалық нөмірлер кештің сәнін келтірді. Сонымен қатар, «Бинар» бишілер ансамблі «Желсіз түнде жарық ай» әніне арналған театрландырылған музыкалық композициясы көрермендерге ерекше әсер сыйлады.

Кештің соңында «Жалғызым қазақ!» әні шырқалып, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Ал, студенттер белсенділік танытып, ел дамуына өз үлестерін қосуға дайын екендіктерін көрсетті.