Жаңалықтар

Назарбаев университетінде жоғары білім беру сапасына арналған форумның екінші күні өтті

Назарбаев университетінде «Жоғары білім беру сапасын қамтамасыз ету: қазіргі жағдайы және даму перспективалары» форумы аясында екінші, негізгі жұмыс күні өтті.

Күннің басты оқиғасы — Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің баяндамасы болды. Министр өз сөзінде 2025 жылдың қорытындыларын шығарып, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру жүйесін одан әрі дамытудың стратегиялық басымдықтарын айқындады. Ол білім беру сапасын қамтамасыз етуде формальды бақылаудан тұрақты ішкі сапа жүйелеріне көшу, университеттердің білім беру және ғылыми қызмет нәтижелері үшін жауапкершілігін арттыру, сондай-ақ басқару үдерістеріне цифрлық және AI құралдарын енгізу қажеттігін атап өтті.

Форумның тақырыптық сессиялары аясында ғылыми қызмет нәтижелерінің сапасын бағалаудың жаңа тәсілдері, PhD даярлау мәселелері, диссертациялық кеңестер мен академиялық жетекшіліктің рөлі, жоғары білім беру саласындағы мемлекеттік реттеу мен тәуекелдерді басқару, сондай-ақ сапаны қамтамасыз етудің халықаралық тәжірибелері талқыланды.

ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі басшылығының, жоғары оқу орындарының ректорлары мен проректорларының және халықаралық сарапшылардың қатысуымен өткен пленарлық отырыс мазмұнды кәсіби диалог алаңына айналды.

Форум жоғары білім беру сапасын қамтамасыз ету — мемлекет, университеттер және академиялық қоғамдастықтың үйлесімді әрі үздіксіз жұмысының нәтижесі екенін тағы бір мәрте көрсетті.