Жаңалықтар

ДУЛАТИ УНИВЕРСИТЕТІ МЕН QAZAQ SODA ӨНДІРІС ПЕН ҒЫЛЫМ БАЙЛАНЫСЫН НЫҒАЙТПАҚ

Елімізде кальцийленген сода өндіретін зауыттың жұмысы Жамбыл облысының Сарысу ауданында жүзеге асып жатыр. Бұл ірі инвестициялық жоба Түрік мемлекетінің «Yildirim Holding» компаниясының еншілес кәсіпорны «Qazaq Soda» ЖШС-на тиесілі.

Бүгін М.Х. Дулати атындағы Тараз университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Ләззат Еркінбаева және Академиялық мәселелер жөніндегі проректор Рысгүл Кудретуллаева, Бас бухгалтер орынбасары Серік Жұмагелдиев аталған өндіріс орнында болып, кәсіпорын басшыларымен кездесті. Зауыттың бас директоры Исмайл Джейланмен кездесу барысында бірге атқарылатын жұмыстар талқыланды. Кәсіпорын басшысы өндіріс орнына 280-ге тарта жұмыскер, оның ішінде 150-ге тарта химия саласының мамандары қажет екендігін айтты. Университет басшылары жақын арада қажетті химиктерді жіберу туралы және алдағы уақытта дуалды оқыту, сондай-ақ индустриалды бағыт бойынша оқу орнынан докторантура аша отырып, өндірісті ғылыммен ұштастыруға байланысты бірлесе жұмыстар атқаруға келісті.

Сонымен қатар, компания өкілдері университет басшыларын зауыт құрылысының жұмыстарымен таныстырып, жақын арада зауыт толық іске қосылатындығынан хабардар етті.

Сондай-ақ, алдағы уақытта зауыт ішінен ашылатын лабораторияларда оқу орнының мамандарымен бірлесе жұмыс жасау жөнінде ұсыныстарын айтты.