Новости

«ПЕДАГОГИКА ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК ҒЫЛЫМДАР» ФАКУЛЬТЕТІНІҢ ТҮЛЕКТЕРІНЕ ДИПЛОМ ТАБЫСТАЛДЫ

М.Х. Дулати атындағы Тараз университетінде «Педагогика және әлеуметтік ғылымдар» факультетінің түлектеріне диплом табыстау салтанаты жоғары деңгейде өтті. Бұл – бірнеше жылдық қажырлы еңбектің, сапалы білім мен табанды ізденістің нәтижесін айшықтайтын, жас мамандар үшін аса маңызды әрі айтулы күн. Салтанатты рәсімге университет басшылығы, профессор-оқытушылар құрамы, ата-аналар және арнайы шақырылған құрметті қонақтар қатысты. Салтанатты кеш аясында Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек онлайн форматта құттықтау сөз сөйлеп, жоғары оқу орнын тәмамдаған түлектерге ізгі тілегін арнады. Министр жас мамандардың өміріндегі маңызды кезеңмен құттықтап, кәсіби жолдарында толағай табыс, биік белестер мен жемісті еңбек тіледі. Сондай-ақ, олардың сапалы білім мен кәсіби біліктілігін ел игілігі жолында тиімді пайдаланып, қоғамның дамуына үлес қосатын білікті маман болып қалыптасатынына сенім білдірді.
 
 
Бітіруші магистрлер мен үздік бакалавр түлектеріне дипломдарды М.Х. Дулати атындағы Тараз университетінің аппарат басшысы Тұрғынбаев Мирас Бақытжанұлы табыстап, жас мамандарды жаңа белеспен құттықтады. Ол өз сөзінде түлектердің кәсіби біліктілігі мен азаматтық ұстанымы еліміздің дамуына қызмет ететініне сенім білдіріп, олардың алдағы еңбек жолына толағай табыс тіледі. Іс-шараға сондай-ақ Жамбыл облысы әкімдігінің Ақпарат және қоғамдық даму басқармасына қарасты «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің басшысы Жинақбаева Мүбарак Қасымқызы, «Педагогика және әлеуметтік ғылымдар» факультетінің деканы Тұрарова Айсұлу Нұрдынқызы, «Мәдениет және өнер» кафедрасының меңгерушісі Кабиева Айгүл Кабиқызы, «Мүгедек жастар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы, Тараз қалалық мәслихатының депутаты Дәулетбаева Айгерім Маратбекқызы, «Әлеуметтік психология» кафедрасының меңгерушісі Жамирова Ұлмекен Шәкірбайқызы қатысып, түлектерге ізгі тілектерін арнады. Қонақтар жастардың білім мен біліктілікті ұштастырып, қоғам игілігі жолында адал еңбек етуінің маңыздылығына тоқталып, олардың кәсіби қызметте биік белестерді бағындыратынына сенім білдірді.
 
Дулати университеті бүгінгі түлектердің әрқайсысы елдің интеллектуалдық әлеуетін арттыруға үлес қосатын білікті маман болып қалыптасатынына сенім білдіреді және оларға жарқын болашақ, кәсіби табыс пен толағай жетістіктер тілейді.