Новости

АРАЛ ӨҢІРІНІҢ ЭКОЛОГИЯЛЫҚ МӘСЕЛЕЛЕРІ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КОНФЕРЕНЦИЯДА ТАЛҚЫЛАНДЫ

Дулати университетінде «Аралға су келе ме?» Экомарафон-2 (Жаңа Қазақстан Жаңа жол) аясында халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Басқосуды ҚР Жамбыл облысы «Халық үміті» республикалық қоғамдық бірлестігі, ҚР Қызылорда облысы «Тұран Ойпаты – Арал теңізі» қоғамдық бірлестігі және ҚР Ақтөбе облысы «Азаматтық бастамалар орталығы» қоғамдық қозғалысы мен Дулати университеті бірлесіп ұйымдастырды.

Конференция мақсаты – Арал өңірінің экологиялық ахуалы, су ресурстарын тиімді басқару, климаттың өзгеруі жағдайындағы халықаралық міндеттемелер және экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жолдарын ғылыми тұрғыда талқылау.

Ашылу салтанатында М.Х. Дулати атындағы Тараз университетінің Басқарма Төрағасы-Ректорының у.м.а Сейтжан Орынбаев сөз сөйлеп, Арал теңізінің тартылуы климаттың өзгеруі, су ресурстарының азаюы және табиғи экожүйелердің бұзылуы сияқты күрделі үдерістермен тығыз байланысты екенін атап өтті. Арал мәселесі тек белгілі бір өңірдің ғана емес, халықаралық деңгейдегі экологиялық проблема екенін жеткізіп, оны шешу үшін ғылыми қауымдастықтың, мемлекет пен қоғамның бірлескен әрекеті қажет екенін баса айтты. 

Конференция жұмысы үш негізгі тақырып пен бағыт бойынша өрбіді. Бірінші бөлімде су ресурстарының стратегиялық маңызы мен геосаяси қырлары талқыланды. ҚР «Құрмет орденінің» иегері, ҚР «Су және ауыл шаруашылығы» саласының еңбек сіңірген қызметкері, «Қазсу шаруашылығы» РМК Жамбыл филиалы мен Шу Талас бассейндік инспекциясын басқарған Берік Нуралиев өңірдегі су ресурстарын басқару тәжірибесіне тоқталып, трансшекаралық өзендер мәселесінің өзектілігін атап өтті. Ал, Қоғам және мемлекет қайраткері Мади Артығалиев су қауіпсіздігі мен экологияның ұлттық қауіпсіздікпен тікелей байланысты екенін жеткізіп, халықаралық ынтымақтастықтың маңызын жеткізді.

Конференцияның екінші бөлімінде су мәселесіне арналған мазмұнды баяндамалар жасалды. Инженер гидротехник, қоғам белсендісі Әлібек Сабырбаев су инфрақұрылымын жаңғырту, су үнемдеу технологияларын енгізу жөнінде ұсыныстарын жеткізді. Ал, «Туран Ойпаты – Арал теңізі» қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры Айжарық Ералиев Арал теңізінің қазіргі экологиялық жағдайына тоқталып, өңірді қалпына келтіруге бағытталған бастамалар туралы баяндады. «Азаматтық бастамалар орталығы» қоғамдық қозғалысының басшысы Жомарт Қартбаев азаматтық қоғамның экологиялық процестерге қатысуы мен қоғамдық бақылаудың рөлін атап өтті. Ал, «Халықаралық Аралды құтқару қоры» дирекциясы директорының орынбасары Марат Нарибаев Арал бассейніндегі халықаралық жобалар, БҰҰ резолюциялары және аймақтық бағдарламалар жөнінде ақпарат жеткізді. Балық шаруашылығы саласының маманы, кәсіпкер Мейрамбек Пазылбеков су экожүйесінің балық ресурстарына әсері және жергілікті халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайымен байланысын баса айтты. М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің магистранттары Ұлжан Қанатбек, Жанбике Каримбаева және 3-курс докторанты Асель Амантаевна су тазарту, ауыл шаруашылығы қалдықтарын қайта өңдеу және инновациялық экологиялық технологиялар бойынша ғылыми баяндамалар жасап, өз зерттеу нәтижелерін ұсынды.

Конференцияның үшінші тақырыбы фосфогипс мәселесіне арналып, жеке секция ретінде өтті. Аталған бөлімде фосфогипстің экологиялық әсері, оның химиялық құрамы, қайта өңдеу жолдары және өндірісте қолдану мүмкіндіктері кеңінен талқыланды. Ғалымдар мен зерттеушілер фосфогипсті қауіпсіз кәдеге жарату, құрылыс және ауыл шаруашылығы салаларында пайдалану, қоршаған ортаға келтіретін зиянын азайту бағытында баяндамалар жасады. Бұл секцияда ұсынылған ғылыми тұжырымдар экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және өнеркәсіптік қалдықтарды тиімді басқаруға бағытталды.

Конференция соңында Арал өңірін экологиялық инновациялар аймағы ретінде дамыту, су ресурстарын басқару тетіктерін жетілдіру және халықаралық конвенциялар аясындағы Қазақстанның міндеттемелерін іске асыруға бағытталған нақты ұсыныстар айтылды. Басқосуға үлес қосқан ұйымдастырушыларға қатысушылар алғыстарын айтып, жылы лебіздерін жеткізді.